Ит тұқымдары
Ит таңдауға келер болсақ, болашақ ит иесі үй жануарының көлемін алдын ала ойластырады. Біреулер иттердің ірі тұқымдарын жақсы көрсе, біреулерге орташалар ұнайды, енді біреулер кішкентай иттерге жаны құмар. Көлемі бойынша жіктеу – ең көп таралған әдістердің бірі. Бұл мақалада біз аталған санаттардың әрқайсысын қарастырамыз және суреттен танымал тұқымдардың үлгілерін көреміз.
Кішкентай әдемі иттердің бойы 28 см-ден аспайды, ал салмағы 12 килограммға дейін болады. Көбінесе бұл пәтерде өзін жақсы сезінетін үй жануарлары. Орташа өмір сүру ұзақтығы – 12-15 жыл. Шағын үй жануарлары «диванда» демалғанды ұнататын жандар үшін үшін ғана емес, сонымен қатар нағыз саяхатшылар үшін де адал дос болмақ. Көлемі кішкентай ең танымал ит тұқымдары – чихуахуа, йоркшир терьері, той-терьер және померан шпиці.
Егер үй жануарыңыз ұзақ өмір сүрсін, буындарына және жүрегіне қатысты қиындықтар болмасын десеңіз, оның салмағын бақылауыңыз керек. Үй жануарыңызды үнемі өлшеп, оның дене салмағындағы барлық өзгерістерді түзетіңіз, оларды мұқият бақылау керек! Мұны істеу үшін арнайы бақылау таразысын сатып ала аласыз немесе тегін таразыларды қолдана аласыз, олар барлық ветеринарлық емханаларда бар. Егер итіңіздің салмағы айтарлықтай өзгергенін байқасаңыз, осы мәселе бойынша ветеринар дәрігермен кеңесуді ұмытпаңыз.
Денсаулық тікелей азықтануға байланысты екенін есте ұстаған жөн, сондықтан үй жануарыңыздың рационын мұқият бақылаңыз. Әрине, оның белсенділігі мен әл-ауқатын сақтау үшін үнемі физикалық белсенділік керек екенін ұмытпаңыз. Алайда бұл мәселеде «шекті деңгей» сақталуы керек. Серуендеу кезінде иттің мінез-құлқын мұқият қадағалаңыз: егер ол шаршаса, жиі тоқтай бастайды, тіпті, жатып алуға тырысады. Жалпы серуендеу ұзақтығы жануардың жағдайы мен көңіл-күйіне байланысты. Мамандар 30-60 минут серуендеуді ұсынады. Алайда үй жануарыңызды жаттықтыратын болсаңыз, серуендеу уақытын бір жарым сағатқа дейін көбейтуге болады. Ең бастысы – жаттығу мен демалысты үйлестіру.
Көлеміне қарамастан, тұқымы ұсақ иттер биіктен қорықпайтынын және кез келген уақытта қорықпай секіріп, жарақат алуы мүмкін екенін кішкентай үй жануарларын көтеріп жүргенді ұнататын ит иелері қаперлерінде ұстағандары жөн. Сақ болыңыз, қырағы болыңыз!
Кішкентай тұқымды иттердің гигиена мәселесі де ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл көбінесе ұзын жүнді ит иелеріне қатысты, мысалы: йоркшир терьерлері, ши-тцу, аффенпинчерлер, және басқа да сақал-мұрты бар иттер. Есіңізде болсын: көлемі кішкентай иттер мысықпен теңестірілмейді және ол өзін жуындыра алмайды, оның гигиенасына толығымен өзіңіз жауап бересіз. Сондықтан үй жануарыңыз азығын жеп болғаннан кейін бет-аузын киіміңізге және интерьер зарттарына сүрткенін қаламасаңыз, оны тазартып, жылы сүлгімен кептіруді ұмытпаңыз.
Тұқымы орташа иттер ең көп таралған иттер болып саналады. Олардың биіктігі – 50 см, салмағы – 25 килограмм.. Бұл санатқа аңшылық және қызметтік иттер, сондай-ақ пудельдер мен ағылшын кокер спаниельдері жатады. Мұндай иттер орта есеппен 10-12 жылға дейін өмір сүреді және бүкіл отбасының сүйкімдісіне айналады: олар балалармен шаршамай ойнай алады, отағасымен серуендей алады, тіпті, үйді де күзете алады.
Иттің бұл түрі ерекше күтімді қажет етпейді және бүкіл әлемге танымал. Тұқымы кішкентай иттермен салыстырғанда, тұқымы орташа иттер көп жарақаттанбайды, ал үлкендерге қарағанда, көп ауырмайды. Сонымен қатар бұл ит түрінің интеллектісі дамыған және қарым-қатынас жасағанды ұнатады.
Орташа тұқым өкілдерінің көпшілігі «аңшылар» мен «шопандарға» жатады, сондықтан олар өте белсенді. Мысалы, олар жер қазғанды жақсы көреді! Оның бұл әуестігінен көршінің гүлзарлары мен көгалдар зардап шекпесе, айтарлықтай қауіп жоқ. Мұндай серуеннен кейін итті жуып, мұқият тарауды ұсынамыз.
Үй жануарларының тамақтануын бақылауды ұмытпаңыз. Дәрумендер мен қоректік заттардың дұрыс мөлшері оның белсенділігі мен көңілді жүруін сақтайды. Серуендегенннің маңыздылығы туралы айтудың қажеті жоқ: бұл санаттағы иттер өте ұтқыр, олар энергиясын шығару үшін доптың немесе таяқтың артынан жүгіре береді. Бірге серуендеудің рақатына бөленіп, пайдасын көріңіз: төрт аяқты досыңыз жүгіру мен велосипедпен жүру кезінде керемет серік болады, ал күніне 30-60 минут осындай жаттығулар оның уақытын өткізеді, тәбетін жақсартады.
Ірі тұқымды иттер пәтерде ұстағанға жарамсыз, оларға ерекше күтім мен жаттығу қажет. Иттердің атауының өзі айтып тұрғандай, бұл топтың кейбір иттерінің бойы 80 см-ге дейін жетеді, салмағы 90 килограмға дейін. Мұндай үй жануарлары отбасы мен үйді қорғауға өте ыңғайлы және белсенді өмір салтын ұнататындар, таза ауада жиі жүретіндер үшін керемет серік болады. Ірі иттердің ішінде ең танымалы: неміс овчаркасы, лабрадор, бернс зенненхунд және роттвейлер.
Тұқымы ірі иттерге күтім жасау сіз ойлағаннан әлдеқайда оңай. Ірі тұқымдардың әртүрлі иттерінің негізгі проблемалары буынға байланысты. Көбінесе олар жануар салмағының көптігіне байланысты пайда болады. Мысалы, сенбернар, мастиф, дирхаунд және басқалар осындай қиындықтарға тап болады. Осыған байланысты мұндай иттердің белсенділігін бақылау және олардың рационын мұқият бақылау қажет. Буындардың негізгі жауы – ылғал мен өкпек жел. Сондықтан ірі тұқымды иттерге поролоннан жасалған және жұмсақ плюшпен немесе флиспен қапталған жатын орын қажет. Бұл сіздің үй жануарыңызды қолайсыз құбылыстардан қорғайды және оның денесінің қалыпты температурасын сақтайды.
Тұқымы ірі иттердің күшіктері өте тез өседі, сондықтан оларды дұрыс күтпеген жағдайда рахитке ұшырайды. Ветеринар дәрігер жағымсыз салдардың алдын алу үшін иесіне иттің өсіп келе жатқан органимзміне дәрумендер мен минералды қосымша азықтар саласы бойынша кеңес беруі керек.
Сонымен қатар, мұндай тұқымдар жүрекке қатты жүктеме алады, өйткені үлкен иттердің жалпы дене салмағына қатысты жүктеме әлдеқайда аз. Алайда үлкен иттерге үнемі физикалық белсенділік қажет. Күн сайынғы серуендеуден басқа, үй жануарыңызбен аптасына кемінде бір рет аз дегенде 45 минут серуендеу керек. Жүгіру, серуендеу, жүру және демалу әрекеттерін кезектестіруді ұмытпаңыз. Сондай-ақ A, B және D дәрумендері үй жануарларыңыздың жүрегін нығайтуға және иммунитетін арттыруға көмектеседі.
Ит таңдау – өте жауапты мәселе. Әрине, қазір әртүрлі тұқымдардың фотосуреттері, атаулары мен сипаттамалары бар кітаптар мен сайттар өте көп. Десе де, үлкен және кішкентай үй жануарларын таңдағанда, ең алдымен, өз күшіңізді, мүмкіндігіңізді және өмір сүру салтыңызды бағалаңыз, болашақ серік болатын досыңыздың көлемі оларға сәйкес келуі керек. Алайда басты нәрсені ұмытпаңыз: иттің көлемі әртүрлі болуы мүмкін, бірақ оның сізге деген сүйіспеншілігі шексіз болады. Мұндай махаббат екі жақты болуы керек!